Қазақ аңызындағы ит бітімі қандай?

Қазақы Төбет мүсінінің күштілігімен таңқалдырады. Бір көргеннен кейін Сіз оның қайталанбас тұлғасын ұмыта алмайсыз. Бұл ірі сомдалған иттің орташа тұрқы 72-75 см (кейде 80 см), салмағы 50-60 кг болып келеді. Иттің жаратылыс ерекшелігіне орай температуралық өзгерістерге бейімділігі бар.

Күдірейген жонына нығыз орналасқан бас сүйегінде көзге айқын түсер тұс –дөңесті қабақ, жазық маңдайы. Тұмсық бітімі бас сүйегінен кішілеу, тікбұрыш формасындағы тұмсықтың арқа тұсы жалпақтау біткен. Тұмсықтың ұшы жалпақ, қара түсті болып келеді. Үстіңгі ерні қалың, астыңғы иегі жалпақ, жақ сүйектері күшті, бедері айқын. Басын еңкейткен сәтте бас терісінде қатпар пайда болады. Құлақтары үшбұрыштанып, төмен орналасқан. Қорғаныс қамалындай дөңес қабақтарының астына терең орналасқан кішірек көздері кішкентай. Басын төменге салған кезінде қабақ астынан қараған көзқарасы қаһарлы көрінеді. Тістері ірі, табиғи ақтығымен көзге ұрады. Көлемді дамыған бұғақты мойын төмен орналасқан.

Тұрқы жайыла біткен иттің аяқтары ұзын емес. Ірі денелі, жалпақ төс, қабырға бітімі де тұрқына сай дамыған. Белі жалпақ, білемденген бұлшықты сауыр шығыңқы біткен. Шоқтығы биік, жонынан қатпарлар байқалғанмен арқасы қатты да серпінді болып келеді. Қарны кеуде тұсымен деңгейлес төмен, тері асты клеткаларының өзегі бүкіл денесінде, әсіресе мойын, шоқтық және төс астында жақсы дамыған. Тап осы жаратылысты біз қатаң табиғат жағдайына бейімделуге лайықталған құбылыс деп танысақ, барлық кинолог мамандар иттің қасқыр тісінен қорғаныс көзі деп көрсетеді. Бұл клетка өзектері қалың жүн терісімен қатар организмдегі температураны реттеп, түйенің өркеші немесе қойдың құйрығы сияқты тамақ пен су тапшылығында организмді қоректендіреді, сонан кейінгі кезекте қасқыр тісінен қорған болады.

Төбеттің жүні қатты, денесіне тарала жатып тұратын, дамыған түбіт жүнді, қылтанақ жүн ұзындығы 10 см болып келеді. Жүндес тұқымдылар табиғатына сай арландардың желке тұсы жалдана, жақ жүндері ұзара бітеді. Ерекше айырмашылығы — су өтпейтіндігі. Төбеттер түсі жағынан аса алуан түрлі бола бермейді,— қара, қоңыр, сұр, сарғыш қызыл және теңбілдене ерекшеленуі де мүмкін. Көбіне итке көз астында ақтаңдақ пен көз айналасында көзілдірік тәрізді белгілер тән. Мұндай иттерді қазақтар «төрткөз ит» деп атап, оны түркі дәуіріндегі діни ұғым-нанымдармен байланыстырады.Ала, теңбіл, ақ түсті иттер сирек кездеседі.

Төбеттің аяқтарының бұлшық еттері мықты дамыған, қалай қарасаң да төрт аяғы тең тұрған жаратылысымен көзге ұрады. Қысқа аяқтарының буын сіңірлері серпінді,еркін қимылға лайықты дамыған.Жауырынының, бұғана, иық сүйектерінің ұзындығы сауыр,жіліншік, төс, табан сүйектері сияқты тең түседі. Табандары көлемді, ірі, жинақы.алақан сүйектері жіліншіктер секілді еңкейе біткен.Құйрық бітімі жоғары, төмен бағытталған құйрық ұшы білезіктене қайқы бітеді.

Қасқыр алар сырттан төбеттердің өз мінездері болады. Билікке таласар әлеуетті бәсекелес кез келсе, бұл мәселе өз шешімін күш сынасу күресі арқылы табады.Билік шайқасы табиғат заңдарына сәйкес тек күш басымдылығын тануға құрылады. Текті түйсікпен өтетін бұл шайқас ешқашан қансырап өлуге апарып соқпайды. Өлімші болып өршелене соғысу таза қанды емес, психикасы дұрыс дамымаған итке тән. Үйірдегі әр иттің өз орны, міндеті бар. Адаммен қарым-қатынаста Төбет еркін, адал, пайымдылығымен ерекшеленеді. Ол өзін адаммен тең дәрежеде ұстай біледі. Сондықтан да адам оны өз досы, әріптесі ретінде бағалайды. Байыбына бармай жазықсыз жазаланар болса, ол бұл жайды көңіліне ауыр алып, иесімен қарым-қатынасын тоқтатады. Иесіне не өзіне орынсыз қылық көрсеткен жандарға,танымайтындарға сенімсіздікпен қарап кектеніп емес, ескерту жасағандай сес көрсетіп қоятын кездері бар. Өзіне берілген аймақты жауапкершілікпен, бекер үре бермей, үн шығармай күзетеді. Оның ерекшелігінің бірі - қасқыр мен қасқыр тектес иттерге, жыртқыш аңдарға өштігі. Осы ерекшелігіне байланысты төбет иттер арасында өткізілер күшсайыстар қасқыр текті иттермен қатар өткізілмеуі қажет.Төбет ақылдылығымен қатар сабырлы, сенімділігімен айқындалады. Басқа түскен жағдайда өз бетінше шешім қабылдауға бейім. Осы бір еркін де тәуелсіз өзгеше мінез-құлқы бұл иттерді қызмет бабында пайдалануға кедергі десе болғандай. Егер ортаазиялық қасқыр алар сырттан иттер адамға қауіп тудырмайтындығымен ерекшеленеді десек, онда қазақы Төбеттің осы иттердің ішіндегі адам үшін аса қауіпсіз, мінезге бай ит екенін есте тұтуға кеңес берер едік.

Кейде алыс ауылдардағы малшылар өздерінің қолына түскен иттің асыл тұқымды ит екенін білмейтін жайлар кездеседі. Төбет турасында жетік білетін жанның осындай сәттің куәгері болған әңгімесі ойға оралады. Іссапармен Ақтөбе ауданының Байғанин ауданына келген тікұшақты ауыл балалары қоршап алады. Оның назары бірден қарадомалақ баланың қарғы бау орнына құр жіппен ұстап тұрған алып итіне түседі. Зерделі жан мұның Төбет екенін бірден таниды. Бала иттің үстіне отырып алып, бүйірінен теуіп жүргізбекші болып көрді. Ал ит болса, тегіне туа біткен байсалдылығымен, кішкене қожайынының қылығы орынсыз болса да мінез көрсетпеген күйі тұра берді. Қалтасындағы бар ақшасын берем десе де бала сүйікті итінен айрылғысы келмеді, итті тани білген жан үлкен өкінішпен аттанды. Арманын көріп, бірақ қол жеткізе алмаған адам күйініштен жылап жібереді. Бұл орайы келмеген мүмкіндік еді...

Бүгінгі күнде қазақы Төбет – сирек кездесетін құбылыс, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрған тұқым. Әлі де болса осы көнекөз әрі біртума тұқымның қайта оралу мүмкіндіктерін қарастырып, жағдай туғызуға болар еді. Бұл басылым интернеттегі адресі www.tobet.kz «Қазақы ит - Төбет» тұқымын өсіретін арнайы шаруашылықтың материалдары негізінде даярланды. Табиғат перзенті ретінде бұл біздің Қазақстанның табиғи-ұлттық мақтанышы, этно-мәдени мұраларының қайталанбас ғажайып тумасы - қазақы Төбетті сақтау мен қолдау көрсетуге қосқан үлесіміз болмақ. Бұл тұқымды сақтап, қайта оралту арқылы қазақстандық, әлемдік деңгейде Төбеттің өзінің алар орнын айқындау – тәуелсіздік алған тұстағы қажеттілік пен уақыт талабы. Белгілі бір мемлекеттегі тіршілік иесінің жоғалуы – ғаламдық деңгейдегі тіршіліктің бір арнасының үзілгендігі.

…Келешекте ғарыш ғаламында Көшпенділер жұлдызы ашылар болса, онда ғарыш Номадының жұлдызды тозаңмен көмкерілген жолында… ғасырлардың сыры мен құпиясын сақтаған, адамзаттың маңғаз да айбатты сақшысы, асыл текті алып Төбет қатар келе жатары сөзсіз …

 

Сайттың информациясын пайдаланған кезде, www.tobet.kz сайтқа сілтеме жасау міндетті
Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы
почта:info@tobet.kz
© 2004 - 11 Tobet.kz

негізгі парақта  / тарихы
видео
фотокөрмесі

Төбет - төбеде жатқан ит...
4000 жыл бірге
Қазақтардың ит ұстап-баптауы
Төбет тарихы
Қазақ Төбетінің мүсіні
Нун-на
Қарақан
Жеті қазынаның бірі
АҚ-қазақы
Екі иттің достығы (ертегі)